Ақмолалық боксшы халықаралық турнирден «алтын» алып қайтты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Германияда бокстан өткен халықаралық турнирде Қазақстан құрмасы жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орын алды. Ұлттық құрама сапында болған ақмолалық былғары қолғап шебері Талғат Шәйкен алтын медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаның айтуынша, Фанкфурт-на-Одере қаласында 23-ші халықаралық «Браденбург-2018 кубогы» жастар турнирі өтті.
«Әлемнің бірнеше елінен жиналған спортшылар арасында Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құрама қоржынға 7 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль салып, командалық есепте бірінші орыннан көрінді. Одан кейінгі екінші және үшінші орындарға Ресей және Англия боксшылары тұрақтады. Ұлттық құрама сапында болған ақмолалық боксшы Талғат Шәйкен 64 келі салмақта Ресей спортшысы Андрей Чунихинді 5:0 ұпай санымен ұтып турнир жеңімпазы атанды», деп түсіндірді М.Большина.