Ақмолалық дарынды оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев білім сайыстарында жоғары нәтижеге қол жеткізген дарынды балаларды «Елбасы медалі» қола наградасымен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолалық дарынды оқушылар «Елбасы медалімен» марапатталды

Көкшетаудағы «Достық үйінде» өткен шарада 41 оқушы «Елбасы медаліне» ие болды.

«Баршаңызды Тұңғыш Президентіміздің атынан марапаттарыңызбен құттықтаймын!. Тәуелсіздігіміздің одан әрі нығайып, еліміздің гүлденуі бүгінгі жастардың, сіздердің қолдарыңызда! Сіздердей білімді әрі әлеуеті кең әрбір қазақстандық азаматтың мемлекетіміздің гүлденуіне жеке үлесін қосатынына сенімдімін» - деді шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермек Маржықпаев.

Ведомстводан атап өткендей, Ақмола облыстық мәслихаты сессиясының 2020 жылғы 10 маусымдағы шешімі бойынша «Елбасы медалі» бағдарламасын іске асыруға 40 миллион теңге бөлінді. 2021 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 69 миллион 888 мың теңге бөлініп отыр.

Айта кетейік, «Елбасы медалі» - Елбасының бақылауымен атқарылатын талантты және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу жөніндегі бірегей жоба. Жоба 14-29 жас аралығындағы жастарды тәрбиелеуге бағытталған және 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдай алады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындауды көздейді. Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600 тәлімгер, 17 өңірлік үйлестіруші мен сарапшы қатысуда. Былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында барлық өңірлердегі 300 жобаға қатысушы қола медальмен марапатталды.

Жыл бойы өтетін «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасуда. Келесі финалистер 2021 жылдың желтоқсанында белгілі болады.