Ақмолалық «еріктілер» балалар үйінің тәрбиеленушілерін қуантты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Еріктілер мектебінің» белсенділері Есіл қаласындағы жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №2 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.
None
None

«Бақытты балалық» және «Жастар - Отанға» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылған шараға «Көкше қырандары» ЖҚБ өкілдері, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ университетінің студенттері және Ақмола облыстық «Юность» педагогикалық отрядының кәсіби жетекшілері қатысты.

Белсенділерді балалар жайдары көңілмен қарсы алып, одан әрі іс-шара шағын концертке ұласып, әр түрлі ойындармен жалғасын тапты.

Президенттің өмірбаянына, Қазақстан тарихы мен қалыптасуына байланысты сұрақ-жауап сайысы да қызықты өтті. Қуантарлығы, балалардың өз Отанының тарихы мен ҚР Тұңғыш Президенті туралы көп білетіндігі.

Акция барысында «Жас Отан» ЖҚ Көкшетау қаласындағы атқарушы хатшысы Абай Жамәлиев пен Есіл аудандық филиалындағы әріптесі Лаура Іргебаева жастар ұйымдарының жұмысына қысқаша тоқталып өтіп, балаларға сый-сыяпат жасады, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылуына өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Өз кезегінде балалар да қонақтарға ілтипаттарын білдірді.

«Былтыр біз футбол ойнап, Барселонаға барған кезде мемлекет қамқорлығын сезіндік. Осының бәріне Президенттің арқасында қол жеткіздік. Сыйлықтар үшін де рахмет айтқым келеді», - деді Евгений Безпалов.

«Мұндағы тәрбиеленушілердің барлығы дерлік балалар үйінің шығармашылық өміріне белсенді қатысады. Әсіресе, біздерді балалардың өз қолымен жасаған сыйлығы сүйсіндірді. Бұл жолғы акцияның мақсаты - ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекетіміз әрбір тұрғынының қамын ойлайтынын көрсеткіміз келді, - дейді «Еріктілер мектебінің» белсендісі Дарина Есмағұлова.

Еске сала кетсек, осындай қайырымдылық науқаны алғаш рет бір жылдан бұрын ұйымдастырылып, онда жасотандықтар «Щучинск қаласындағы балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу облыстық орталығына» барған болатын.

Соңғы жаңалықтар