Ақмолалық қарттар Бурабайда саяхаттады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы қарсаңында өңір зейнеткерлеріне құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстың əр жерінен келген 100-ге жуық ардагерге алдымен Бурабай курортының «Визит Орталығы», зообақ, тарихи мұражайы сынды көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылды.
Бұдан кейін Бурабай баурайындағы «Айнакөл» мейрамханасында ұйымдастырылған шарада соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтаған өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ М.Мырзалин бұл мәселе жергілікті биліктің де үнемі назарында екендігіне тоқталды.
Облыс әкімі: «Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі. Еліміздегі іргелі облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуы сіздердің еңбектеріңіз. Сондықтан сіздерге ұдайы қамқорлық көрсете береміз», - дей келе, «Щучье-Бурабай» курорты аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Салтанатты шарада жергілікті көркемөнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар ардагерлерді мың бұралған би мен əуелеген əнге бөлеп, мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлады. Барлық ардагерлерге гүл шоқтары және ақшалай сый-сияпат тапсырылды.
Өз кезегінде ардагерлер мерейлерін өсірген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олардың арасында Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл бастаған Есілбай Қадыралин, Амангелді Сыздықов, Қали Мұқатаев, Владимир Качковский, Айдархан Темірбаев, Айдос Əбутəліпов, Шəмшия Айтжанова, Тельман Мұқышев жəне Шияп Əлиев сияқты елге қадірлі қарттар бар.
Өңір ардагерлерін құттықтау шаралары қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әрі қарай жүзеге асырыла бермек.