Ақмолалық құтқарушылар жолда қалған 8 ресейлікке көмектесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жолда қалған Ресейдің 8 азаматы Есіл ауданындағы жылыту пунктіне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолалық құтқарушылар жолда қалған 8 ресейлікке  көмектесті

Ведомствоның мәліметінше, наурыздың 20-да ақмолалық құтқарушылар Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына бет алған ресейлік 8 азаматқа көмектесті. Олар көліктерінің бензині таусылып, тоқтауға мәжбүр болған.

«Бір топ ресейліктер Есіл қаласының маңындағы тас жолда екі автокөлікпен тұрып қалды, олардың көліктерінде бензин таусылып қалды. Оларды құтарушылар аудан орталығындағы жылыту пунктіне эвакуациялады. Сонда түнеп шыққан ресейліктер таңертең көліктеріне жанармай құйып, сапарларын одан әрі жалғастырды», - деді ведомстводан.

Айта кетейік, наурыздың 20-21 күндері Ақмола облысының Атбасар және Бурабай аудандарында жылыту пунктіне 31 адам, оның ішінде екі бала эвакуацияланды.