Ақмолалық құтқарушылар жолға шықпауға шақырды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері ауа райына байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ауа райының бұзылуына байланысты наурыздың 23-де «Нұр-Сұлтан-Щучье», «Нұр-Сұлтан-Қабанбай батыр-Киевка-Теміртау» автожолдары жабылды. Сондай-ақ, Біржан салу ауданы аумағындағы автокөліктің барлық түрінің қозғалысына тыйым салынды. Осыған байланысты облыс тұрғындары мен қонақтарына елді мекендерден тыс жерлерге шықпауға кеңес береміз», - дейді Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметкерлері.
Сонымен қатар, құтқарушылар аталмыш жолдарда ондаған автокөліктердің қар құрсауында қалғанын, оларды құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Айта кетейік, наурыздың 23-де сағат 10:30-да ауа райының нашарлауына байланысты (көріністің шектелуі, боран, қардың жауу) республикалық маңызы бар автожолдың «Нұр-Сұлтан-Щучье» және «Нұр-Сұлтан-Қабанбай батыр-Киевка-Теміртау» автожолының 32-51 км (Қабанбай батыр ауылынан-Қарағанды облысы шекарасы), «Екатеринбор-Алматы» автожолының 1291-1426 км (Нұр-Сұлтан қаласынан-Теміртау қаласына дейін) аралық учаскелерінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді.