Ақмолалық құтқарушылар жылжымалы су сору стансасын сынақтан өткізді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының құтқарушылары 2020 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық кезінде жылжымалы су сору стансасын сынақтан өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолалық құтқарушылар жылжымалы су сору стансасын сынақтан өткізді

Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қаласындағы өрт сөндіруші-құтқарушылар ГАЗ-66 және ЗИЛ-131 көліктеріне сағатына 1300 текше метрге дейін су соруға қуатты мотопомпаны орнатқан. Лай суды соруға арналған бұл жылжымалы стансаның артықшылығы құтқарушылардың жетуіне қиын жерлерге жедел қолдануында болып отыр.

«Құтқарушылардың жаяу бара алмайтын жерлеріне ГАЗ-66 және ЗИЛ-131 көліктерімен барып, жедел су соруға болады. Көлікке орнатылған мотопомпаға диаметрлері 125 және 150 мм шлангтер тартылған. Осы арқылы сағатына 1300 текше метрге дейін су соруға болады. Бұл теңдессіз су сору стансасы көктемгі су тақыны кезеңіне дейін өзінің тиімділігін көрсетті. Қыстыгүні Көкшетау қаласында №2 кәріздік станса істен шығып, 40 мың абонент сусыз қалған еді. Сол кезде қазылған шұңқырға ағын судың келуі коммуналдық кәсіпорынның жұмысшыларына апатты жоюға кедергі келтірді. Осы кезде ГАЗ-66 орнатылған жылжымалы су сору стансасы үш тәулік бойы 25 мың текше метрден астам су сорып, коммуналдық қызметтердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті», - дейді ТЖД бастығы Алексей Советов.

Айта кетейік, 2019 жылы ҚР ІІМ ТЖК лай су соруға арналған мотопомпаның бес данасын сатып алып, Ақмола облысының ТЖД тапсырған болатын.