Ақмолалық полицейлер ішімдікке салынған 40-тан астам адамды ем қабылдауға жіберді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері алкоголизммен ауыратын 40-тан астам науқасты мәжбүрлі түрде ем қабылдауға жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмолалық  полицейлер ішімдікке салынған 40-тан астам адамды ем қабылдауға жіберді

Ведомствоның мәліметі бойынша, тәжірибе көрсеткендей қылмыстардың көбі алкогольдік мас күйінде немесе спирттік ішімдік ішу кезінде болады.

«Осыған байланысты алкогольге әуес азаматтарды уақытша қоғамнан оқшаулау шарасы қолданылуда. Жеке тәрбиелеуге көнбейтіндер облыстың емдеу-алдын алу мекемелеріне мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі», дейді ведомство өкілдері.

Полиция учаскелік инспекторының материалы бойынша Ерейментау ауданының Сілеті ауылындағы емдеу-алдын алу мекемесіне 2019 жылдың басынан бері барлығы 40-тан астам алкоголизммен ауыратын науқас мәжбүрлі түрде ем қабылдауға жіберіліп отыр.

«Қазіргі кезде құқық бұзушыларды уақытша оқшаулау бойынша облыста осындай 2 мекеме (Уақытша бейімдеу және оңалту орталығы) жұмыс істейді. Оның бірі Көкшетау қаласындағы 18 орындық мекеме болса, екіншісі Степногор қаласындағы 10 адамға лайықталған орын», деп толықтырды ведомстводағылар.

Айта кетейік, полицияның учаскелік инспекторлары тұрақты түрде алкогольдік сусындар тұтынылатын орындарында алдын алу шараларын өткізіп тұрады.