Ақмолалық полицейлер көлігімен қарға батып қалған балықшыны құтқарды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында тәртіп сақшылары қарға батып қалған астаналық 36 жастағы балықшыны құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ер адамның сөзінше, күннің аяз болғанына қарамастан ол Қорғалжын ауданының Сабынды ауылы маңында Нұра өзеніне балық аулауға барған. Кейін үйге қайтарда оның көлігі қарға батып қалған. Сол маңда болған өзге балықшылар оған көмектесуге тырысқанынмен одан еш нәтиже шықпады. Сол кезде, ол «102» арнайы желісі бойынша хабарласып, көмек сұрады.
«Полиция капитандары Бейсенбай Хамитжанов пен Әділбек Боранбаев бірден айтылған жерге жетті. Ер адам тәртіп сақшыларына басы ауырып тұрғанын айтқан. Анықталғандай, ол бір тәулік бойы көліктің ішінде отырған. Балықшы көпірге шығып, жолай өтіп бара жатқан жүргізушілерден көмек сұрауға әрекеттенген. Алайда, оның бұл әркетінен ештеңе шықпаған», - дейді ведомстводан.
Тәртіп сақшылары көлікті қар құрсауынан босатып, трассаға шығарып салды. Өз кезегінде ер адам өзіне көмектескен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.