Ақмолалық полицейлер «Questra Holdings» қаржы пирамидасынан сақ болуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда өңір аумағында ақмолалықтарды пирамида қызметіне тарту фактілері тіркелген жоқ. Сондықтан, тәртіп сақшылары азаматтардың қырағы болуын сұрайды.
Полицейлердің ақпараты бойынша, «Questra Holdings Inc.» қаржы пирамидасының қызметі биыл Қазақстанның көптеген облыстарында тіркелген, қазір үш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер атап өткендей, қаржы пирамидасының өкілдері немесе алаяқтар азаматтарға түрлі табысы бар бірнеше пакет ұсынып, пайда түсетіні жайлы жалған уәде беріп алдайды. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен өкілдері алынған қаржылардың ары қарай қайда түсетінін нақты түсіндіре алмайды. Сонымен қатар, салымшылардың қаржы пирамидасына бірнеше адам кіргізуін ұсынып, қосымша табыс беруге уәде етеді. Клиенттердің санын арттыру мақсатында олар түрлі семинарлар, презентациялар өткізіп, жарнамалық буклеттер дайындайды, кейін оларды қоғамдық орындарда таратады немесе әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолданады.
Мұның бәрі қаржы пирамидасының белгілері және Қазақстанда оның қызметіне Заңмен тыйым салынған.