Ақмолалық полицейлер террактіден қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 10 қаңтары Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ақмолалық полицейлер террактіден қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды

Ақмола облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері елімізде лаңкестермен қақтығыста қаза тапқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бейбіт азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және террористердің шабуылына тойтарыс беру кезінде 8 полиция қызметкері мен Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Ерлік пен батырлықты көрсете отырып, олар өздерінің қызметтік және әскери борышын соңына дейін орындады. Олар туралы естелік әріптестерінің және бүкіл Қазақстан халқының жүрегінде мәңгі сақталады», - деп атап өтті Ақмола облысының коменданты Арманбек Баймурзин.