Ақмолалық шаңғышылар фин елінде оқу жаттығу жиынына қатысуда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық шаңғышылар Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Финляндияның Вуркатти қаласында 2019-2020 жылғы жарыс маусымы бойынша алғашқы оқу жаттығу жиынына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан жастар ұлттық құрамасы сапында ақмолалық шаңғышылар да бар. Оқу жаттығу бағдарламасына спорт кешені жолында, қар үстінде шаңғы жаттығуы, спорт залында күш жинау және қалпына келтіру шаралары қарастырылған.

«Жылдағы дәстүр бойынша біздің жастар командасындағы спортшылар қысқы дайындықты осындай оқу-жаттығуынан бастайды. Бұның белгілі бір мақсаты мен міндеті бар. Бірінші кезекте, ол осы Финляндияда өтетін халықаралық жарыстарға дайындық. Бұл шаңғышылар мен бапкерлерге жазғы дайындықты пысықтауға зор мүмкіндік береді. Қысқы спорт түрлерінен Олимпиадаға даярлық орталығы бұл оқу-жаттығудың жоғары материалдық-техникалық деңгейде өтуін қамтамасыз етті», - дейді Шаңғы жарысынан Ұлттық федерация құрама командасының аға менеджері, ұлттық құраманың бас бапкері Александр Батяйкин.
Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапына Ақмола облысының спортшылары Никита Гридин мен Святослав Матасов еніп отыр.

«Шаңғы жарысынан ұлттық федерация» ҚБ баспасөз қызметі атап өткендей, оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң қарашаның 8-інде команда Муонио қаласына аттанып, сонда FIS-старт жарысына қатысады.

