Ақмолалық таэквондошылар республикалық турнирде 24 медальға қол жеткізді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучье қаласында таэквондо WT бойынша ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақсы-1» спорт кешенінде ұйымдастырылған турнирге еліміздің әр өңірінен жиналған 200-ден астам спортшы қатысып, шығыс жекпе-жегі бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Оның ішінде ақмолалықтар әр деңгейдегі 24 медальға қол жеткізді. Жаттықтырушылар жеңіс таза еңбектің арқасында келгеннін айтуда.
«Жарыстағы жетістігіміз бұл біздің тынымсыз еңбегіміздің нәтижесі. Әр жарыста намысты қолдан бермес үшін аянбай тер төгуге тырысамыз. Бұл жолы да солай жасадық. Нәтижесінде соның жемісін көріп отырмыз», - дейді таэквондодан Ақмола облысының бас жаттықтырушысы Ержан Орманов.