Ақмолалық теміржолшылар Жолдауды тікелей трансляция арқылы тыңдады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған Жолдауын «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақмола магистралдық желілері бөлімшесінің ұжымы тікелей трансляция арқылы тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі таңда еліміздегі темір жол саласы Қазақстан экономикасының күре тамыры ретінде кең байтақ еліміз бойынша жүк және жолаушылар тасымалдауды қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, болат жол бойының тарландары мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуына да зор үлес қосуда. Елбасының биылғы Жолдауын ұйып тыңдаған теміржолшылар маңызды құжатта көтерілген міндеттерді зор ықыласпен қабылдады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, баспана мәселесін шешуге бағытталған игі бастамаларына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, ақмолалық теміржолшылар Елбасының бұған дейінгі Жолдауында теміржол саласына жүктелген асқаралы міндеттерді орындауға лайықты үлес қосатындықтарын жеткізді.
- Президент өзінің биылғы Жолдауында экономикалық көрсеткіші жоғары, дамыған 30 елмен иық тірестіруге ұмтылуымыз қажеттігін тайға таңба басқандай атап өтті. Бұл әрине, темір жол саласына да тікелей қатысты. Өйткені, кез келген елдің экономикасының дамуында темір жол саласының алар үлесі салмақты. Ұжым аумағында «Аждар және К» өндірістік кооперативі, «Тұлпар-Talgo», «Локомотив құрастыру зауыты», «Бәйтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен өзге де кәсіпорындар темір жол көлігі саласының тиімді жұмыс істеу үшін өз үлестерін қосуда. Осындай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, еліміз экономикасының дамуына өзінше үлес қосып жүрген ақмолалық теміржолшылар да Елбасының саясатын қолдайды да, қуаттайды да, - деді өз сөзінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы Ақмола магистралдық желілері бөлімшесінің персоналмен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Алмагүл Шіркімбай.
Жол бөлімшесі Солтүстік Қазақстанның үш ірі өңіріне транспорттық қызмет көрсетеді. Петропавл және Ресей Федерациясы Оңтүстік Урал темір жолының Зауралье, Новоишим, Қостанай жол бөлімшесінің Есіл, Павлодар жол бөлімшесінің Ерейментау, Қарағанды жол бөлімшесінің Сороковой станцияларымен шектеседі. Бөлімше жүктерді тасымалдауды, транзиттік жүктерді өткізуді, вагондарды дайындап, олардың берілуін қамтамасыз етеді. Жіті қимыл танытудың нәтижесінде жүк айналымы мен жолаушы тасымалы да жыл өткен сайын артып отыр. Жалпы, еліміздегі темір жол саласында бұдан басқа да атқарылып жатқан оң істер жетерлік. Осының бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктер, деп біледі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы Ақмола магистралдық желілері бөлімшесінің ұжымы.
Сонымен қатар, ақмолалық теміржолшылар болат жолдың дүрсілі ел экономикасының жүрек қағысы, ел экономикасының өзегі, мемлекетіміздің қуатты жүйесі деп тани білетін Елбасына шынайы ризашылықтарын білдірді.