Ақмолалық триатлоншы Азия чемпионы атанды
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда триатлоннан өткен Азия кубогы мен Орталық Азия чемпионатының тарихындағы алғашқы алтын медальді ақмолалық спортшы жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіпқой спортшылар дара жарыспен «спринт» жүгірді, ал әуесқойлар олимпиадалық қашықтықтарда дара жарыспен әрі командалық эстафета бойынша жарысты. Бұдан бөлек, жасөспірім ұл-қыздар үшін «Супер спринт» қашықтығыныда жарыстар болды.
Триатлоннан Азия кубогы мен Орталық Азия чемпионатының Шолпан Ата қаласында өтуіне Азия Триатлон Конфедерациясы (ASTC) мен Халықаралық Триатлон Одағы (ITU) мұрындық болды. Ыстықкөлдің жағасында Беларусь, Иран, Испания, Италия, Казақстан, Канада, Катар, Қырғызстан, Ресей, Сирия, Өзбекстан және Украина елдерінің атлеттері сайысқа түсті.
Қазақстан Триатлон федерациясының мәліметінше, біздің елден 8 ер адам мен 2 әйел қатысқан. Жалпы, қазақстандық 10 спортшы сынға түскен. Жерлестеріміздің көпшілігі Шолпан Атада жоғары нәтиже көрсеткен. Ал ақмолалық Аян Бейсенбаев ерлер арасында Азия чемпионы атанды.