Ақмолалық жастар сынақ алушыларды шындық детекторымен тексеруді ұсынды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне қарасты «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшылығы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері - «Саналы ұрпақ» клубының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, кездесу барысында жобалық кеңсенің басшысы Ерлаз Жайықбаев жастарға тұрмыстық жемқорлықтың туындауына жол ашатын жемқорлық тәуекелдер туралы әңгімелеген. Оның сөзінше, бүгінгі күні көптеген жастар күнделікті өмірде жемқорлық тәуекелдерін көріп жүріп, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын білмегендіктен, оны жоюға бағытталған шараларды қабылдамайды.
«Кездесуге қатысып отырған болашақ мамандар ел өміріндегі маңызды стратегиялық шешімдерді қабылдау үшін қолында күш және қажетті ресурстар бар екенін елестетіп, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, әлеуметтік қорғау, жер қатынастары сияқты маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықтың туындау себептерін талқылап, оларды жою шешімдерін ұсынды.
Денсаулық сақтау саласында барлық оқу құралдарында жемқорлыққа қарсы көрнекіліктерді орналастыру, электрондық журналға ата-аналар мен мұғалімдердің хат алмасуына арналған ашық чат енгізу, оқыту бағдарламасына міндетті жемқорлыққа қарсы пән енгізу, мұғалімдер мен оқушыларды жақындастыруға бағытталған тренингтер өткізу, жастар арасында жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға көбірек көңіл бөлу сияқты ұсыныстар айтылды.
Тіпті күтпеген ойлар да айтылды. Мысалы, емтихан қабылдаушы мамандарды шындық детекторы арқылы тексеру. Қатысушылардың ойынша, бұл олардың емтихан өткізу барысындағы жауапкершілігін арттырады», - дейді Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы Жазира Тоқтар.
Кездесуде мемлекеттік қызметке орналасу, оның тартымдылығын арттыру мәселесі де сөз болды. Ерлаз Жайықбаев мемлекеттік қызметтің ең алдымен сүйікті мамандық, ар-намыс ісіне айналуы тиіс екенін және оған өз елінің дамуына үлес қосуға ынталы адамдар ғана келуі керектігін атап өтті. Талқылау барысында қатысушылар мемлекеттік қызметке қабылдау үдерістерінің ашықтығына көңіл аударды. Мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін олар мемлекеттік қызметке іріктеу барысына генетикалық мониторинг енгізуді ұсынды. Жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатайту, лауазымдық тұлғалардың қызметіне бақылауды күшейту сияқты ұсынымдар да тыңдалды.
Кездесу соңында Ерлаз Жайықбаев «Саналы ұрпақ» клубы мүшелеріне белсенділігі үшін алғыс айтып, өзгерістерді әр адам өзінен бастау қажеттігін атап өтті.