Ақмолалықтар Алғыс айту күнін қалай атап өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алғыс айту күні Көкшетауда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолалықтар Алғыс айту күнін қалай атап өтті

Мерекелік шара өңірдің қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетуден басталды. Іс-шара аясында еңбек ардагерлері, кәсіпорын басшылары «Халық алғысы» медальдарымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен бірге, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтармен кездесті. Ермек Маржықпаев қаңтар оқиғасы кезінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаған жерлестеріне алғыс айтты.

«Төтенше жағдай режимі кезінде жанашыр ақмолалықтар елімізде алғашқылардың бірі болып полиция органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін халық жасағына бірікті. Азаматтық сектор өкілдері блок-бекеттердегі және көшелерді патрульдеуге тартылған қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырды. Осы күрделі кезеңде облыс тұрғындары отансүйгіштік пен ұйымшылдық танытты», - деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлікті, келісімді нығайтуға, қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға елеулі үлес қосқаны үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен түрлі қызмет салаларының өкілдері марапатталды. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, полицейлер, әскери қызметкерлер, медицина қызметкерлері, меценаттар, еріктілер бар.

Іс-шараның жарқын және әсерлі сәті Зеренді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Дәулетхан Матаевқа құтқарылған бір жарым жасар қыздың анасының алғыс білдіруі болды.

Өткен жылдың қазан айында полицейдің жедел әрекетінің арқасында зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына дер кезінде жеткізілді, онда дәрігерлер баланың тыныс алу жолдарынан бөгде затты алып шықты.

«Сіздің қайырымдылығыңыз, мейірімділігіңіз үшін үлкен рахмет. Қиын сәтте сіз бізді жолда тастамадыңыз және көмек қолын создыңыз. Ешкім біреудің бақытсыздығына бей - жай қарамауы керек», - деді баланың анасы Татьяна Ходаковская.

Сол күні облыс әкімі «Тыныс» АҚ ірі қала құраушы кәсіпорындарының біріне барып, өңірді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ұжымға алғыс білдірді.

Жалпы, облыс бойынша «Мың алғыс» челленджі, қайырымдылық акциялары мен халықтың түрлі санаттарына құрмет көрсетілді.