Ақмолалықтар «Бірге таза Қазақстан» акциясына атсалысты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған акция өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
None
None

Өткен аптада басталған республикалық эстафетаны бүгін өңірдің 25 мыңнан астам тұрғыны жалғастырды. Жалпыұлттық қозғалысқа түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, белсенділер, жастар, шағын және орта бизнес, қала ұйымдары мен кәсіпорындарының өкілдері және тұрғындар қатысты.

Экологиялық десант ерекше назар аударатын аймақты - Бұқпа шоқысы, автокөлік жолдарының бойын, қалалық саябақтар мен скверлер аумағын, сондай-ақ қалалық қоқыс үйінділерінің, көшелердің, аудан орталықтарының, Көкшетау және Степногорск қалаларының аумақтарын тазартты.

Сонымен бірге, Сандықтау, Бурабай, Бұланды аудандарының жақын маңдағы орман алқаптарының аумағы қоқыстан тазартылды, ағаштар мен бордюрлер ақталды. Бұдан бөлек, абаттандыру және көгалдандыру айлығы аясында ақмолалықтар үш мыңға жуық ағаш көшетін отырғызды.

Акцияға өңір әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты. Акция барысында облыс орталығындағы Центральный шағын ауданы 34 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйдің тұрғындары белсенділік танытты.

Аталмыш үйдің тұрғыны Күлшат Дарбаеваның экологиялық акция жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі екенін атап өтті.

«Немерелеріміз бен балаларымыз бізді көріп, олар да сенбілікке белсенді қатысты. Өз үйімізді, көшемізді тазалай отырып, біз экологияны сақтауға өз үлесімізді қосамыз», - дейді қала тұрғыны.

Акцияға қатысушылардың әрқайсысы санитарлық тәртіпті қалпына келтіру және сақтау үшін өз үлесін қосты. Барлығы екі мың тоннадан астам күл-қоқыс жиналып шығарылды, бұған өңір бойынша барлығы 370 техника жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар