Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлік күнін кең көлемде атап өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шаралар эстафетасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығының бас алаңында тұрғындар назарына үздік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Жаса, гүлденген Қазақстан» мерекелік бағдарламасы ұсынылды және «Шеберлер қаласы» сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Шараға жиналғандарды құттықтаған аймақ басшысы Ермек Маржықпаев елдің дамуына халықтың бірлігі, достығы мен келісімі арқасында қол жеткенін атап өтті.

«1 мамыр мерекесі – бүкіл қазақстандықтар үшін айтулы мереке. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елімізде достық пен ынтымақтастық, өзара құрмет пен сенім құндылықтары қалыптасты. Біз бұл мерекені жаңа саяси реформаларды жүзеге асыру жағдайында атап өтіп отырмыз. Сіздер мен біздің міндетіміздің бірі - осы құндылықтарды сақтау, арттыру және келер ұрпаққа жеткізу. Сонда ғана біз жаңа Қазақстанды құра аламыз», - деді аймақ басшысы.

Мерекелік шара барысында еліміздің дамуына үлес қосқан бірқатар ақмолалықтар Алғыс хатпен марапатталды.

Олардың арасында өңірде қазақ тілінің дамуына атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері де бар.

«Бірінші мамыр - ежелден келе жатқан өзара құрмет пен сенімнің құндылықтарын бейнелейтін ең мейірімді және жарқын мерекелердің бірі. Мен үшін бұл мереке жүрегімде ерекше орын алады», - дейді Сәкен Жүнісова атындағы Көкшетау қалалық №18 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі Карина Роот.

Айта кетсек, мерекелік шара облыстың барлық қаласы мен аудан орталықтарында ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда облыс аумағында барлығы 100-ге жуық этнос өкілдері тұрып жатыр.


Соңғы жаңалықтар