Ақмолалықтар Наурыз көже пісіруден сайысқа түсті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз сәні – көже» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы мәдениет басқармасы және Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы жанындағы облыстық іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқауға «ГорМолЗавод» ЖШС, «Евразия Групп Қазақстан» ЖШС, «КөкшетауЭнерго» ЖШС, «Ақсай нан Көкшетау» ЖШС, «Евразийский Банк» АҚ филиалы, «Көкшетау минералды сулары» АҚ, «Асыл Арман» ЖШС, «Бижан» ЖШС, «Ақмола облысы поляктар қауымдастығы» қоғамдық ұйымы, «Шуатаева Төлеш Рамазанқызы» жеке кәсіпкерлігі сияқты 10 кәсіпорын өкілдері қатысты.

Байқау жеңімпаздары ұсыну/безендіруі (тағамның жалпы көрінісі, органолептикалық қасиеттері, тәбеті) тағамның сыртқы түрі, таныстырылым (фольклорлық/театрландырылған), кәсіби шеберлігі, тағам дайындау қиындықтары, ерекшелігі (атауы, аңыздың болуы, тарихи анықтама), тағамның дәмі тәрізді критерийлері бойынша анықталды.

«Наурыз қазақ халқы үшін ежелден-ақ береке-бірліктің, ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы символы. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киелілікке, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткен», - деп атап өтті Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Байқау қорытындысы бойынша 1 жүлделі орынды «КөкшетауЭнерго» ЖШС жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды «Ақмола облысы поляктар қауымдастығы» қоғамдық ұйымы мен «Евразия Групп Қазақстан» ЖШС өзара бөлісті. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы» аталымына «Евразийский Банк» АҚ филиалы лайық деп танылды. Ал, облыстық іскер әйелдер кеңесінің арнайы сыйлығы «Көкшетау минералды сулары» АҚ-на бұйырды.

Байқаудың барлық қатысушылары диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Байқауға келушілер үшін «Көкшетау» мәдениет сарайында алтыбақан орнатылып, декоративті қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда құрақ көрпе шебері Ұлжалғас Қарымсақова, ши тоқушы Кенжебай Смағұл, киіз басушы Ұлболсын Асқарованың қолдан жасаған бұйымдары ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар