Ақмолалықтар Наурыз мейрамын ерекше тойлауда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмолалықтар Көкшетауда Наурыз мейрамын дүркірете тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмолалықтар Наурыз мейрамын ерекше тойлауда

Арқаның ақ таңымен ілескен ақмолалықтар облыс орталығындағы Тәуелсіздік және Абылай хан алаңдарына жиналып, мерекені «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы» атты театрландырылған қойылыммен қарсы алды. Сегіз бөлімнен тұратын қойылымның алғашқы «Сүйінші» бөлімінде 150 адамнан құралған би ұжымдары «Наурыз бастау» театрландырылған композициясын ұсынса, «Құдыретті Жер Ана» бөлімінде орталық алаңға Ұмай анамен арнайы безендірілген автокөлік жүріп өтті. «Қыдыр баба» бөлімінде түйеге отырған Қыдыр Ата алаң бойымен жүріп өтіп, ақ батасын берді.

Мерекелік шара «Көкшетау-сал-серілер мекені», «Ақ дастархан», «Бақытты балалық шақ» тәрізді шағын қойылымдармен жалғасын тауып, мерекенің көркін одан сайын қыздырды. Әсіресе, облыстық филармонияның әншілері мен облыстың әр шалғайынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көпшілік көңілін шалқыта түсті.

Бұл күні алаңға 10-ға жуық киіз үй тігіліп, мерекені тамашалауға 5 мыңға жуық адам жиналды. Дәстүр бойынша отандық декоративті-қолданбалы өнер шеберлерінің, суретшілердің көрмелері мен жергілікті өндірушілер өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жастар үшін алтыбақан құрылып, балаларға арналған ойын алаңы жұмыс істеді.

Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған халыққа жүрекжарды тілегін арнады.

«Наурыз мейрамы-адам мен табиғат қарым-қатынасындағы жаңарудың, берекенің және үйлесімділіктің символы. Наурыз мейрамын қарсы ала отырып, біз жасаған ісімізді қорытындылаймыз және болашаққа жоспар құрамыз. Биылғы жылы Наурыз мейрамын жаңа саяси реформалардың басталуымен атап өтуіміздің өзіндік символдық мәні бар. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы реформаларға сүйене отырып, біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштерді жақсартып, азаматтарымыздың әл – ауқатын арттыра аламыз деп сенемін», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Мерекелік шара барысында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, сондай-ақ азаматтарды қорғау мен құтқарудағы жеке жанқиярлығы үшін «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Шапағат» медалінің жаңа иегерлері марапатталды.

Ал, спорт сүйер қауым үшін Абылай хан алаңында қазақ күресі, арқан тарту, гір көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Шара одан әрі мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, жалпы Ақмола облысында Наурыз мерекесіне орай, 1000-нан астам түрлі іс-шара өтуде.