Ақмолалықтар Жеңістің 73 жылдығын атап өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола жұртшылығы Көкшетау қаласында Жеңістің 73 жылдығын атап өтті. Мерекелік шара Абылай хан алаңында бастау алып, одан әрі «Мәңгілік алау» ескерткішінің маңындағы митингпен және Тәуелсіздік алаңында мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық алаңға жиналған мыңдаған ақмолалық «Ұрпаққа ұран болған-Ұлы Жеңіс!» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Сонымен қатар, «Үзілген арман», «Соғыстың басталуы», «Азап жолы», «Десятый наш десантный батальон», «Привал», «Дружба» «Майданнан хат», «Әлия-қазақтың батыр қызы», «28 панфиловшы», «Водружение знамени на Рейхстаг», «Победа» атты шағын қойылымдар, әскери киім киген жастардың биі мен әні мерекенің мәнін одан сайын аша түсті.


Бұдан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, соғыс және еңбек ардагерлері, облыстық және қалалық кәсіпорын, ұйым, мекемелердің басшылары үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Даңқ аллеясы бойымен жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл дестелерін қойды.
Салтанатты митингте аймақ басшысы құттықтау сөз алып, елімізді зұлым жаудан қорғап қалған ардагерлердің атына ізгі тілегін жолдады.
«1945 жылғы Жеңіс - сана-сезімімізде нық орын алған, өз Отанына деген шынайы берілгендіктің, қайтпас қаһармандылықтың және мәңгілік ерліктің жарқын белгісі. Көп ұлтты Қазақстан халқы бірлігінің, өз Отанына және өз тарихына деген құрметінің нышаны. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, халық бірлігінің нәтижесінде ғана жеңіске жеттік. Өскелең ұрпаққа өжеттілік пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсеткен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне шынайы сүйіспеншілігімізді және терең алғысымызды білдіреміз. Ардагерлердің соғыс жылдарындағы ерлігі мен ерен еңбегі бізді бейбіт мақсаттарға, еліміздің егемендігі мен бостандығын сақтауға, оның қуатын нығайтуға жетелейді», - деді Мәлік Мырзалин.
Митингте соғыста шейіт болған жандарды бір минуттік үнсіздікпен еске алып, Көкшетау техникалық институтының курсанттары ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап аспанға қарудан оқ атты. Осы күні ақмолалық батырлар Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне де гүл шоқтары қойылды.
