Ақмолалықтарға діни экстремизммен күрес және оның алдын алу жолдары түсіндірілуде
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ақпараттық насихат тобы жұмыс сапарымен келді.
Бес адамнан тұратын насихат тобы облысымыздың бірқатар өңірлерінде болды. Олар жұртшылықпен кездесулер ұйымдастырып, жаңа министрліктің атқаратын жұмыстары мен діни экстремизмге қарсы күрес, қауіптің алдын алу мәселелері бойынша әңгімелер өткізуде.
Облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Ыбыраеваның айтуынша, насихат тобының мүшелері Есіл және Жақсы аудандарында көпшілікпен кездесулер өткізуде. Осындай кездесу Көкшетау қалалық әкімдігінде болды. Қалада тіркелген діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың өкілдеріне Дін істері жөніндегі комитет жанындағы Халықаралық мәдениет және діни орталықтың директоры Ертас Мұратбеков діни экстремизм тарапынан келетін қауіптер, оған қарсы күрес және қауіптің алдын алу шаралары жайында баяндап берді.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі күні министрлік тарапынан 2017-2021 жылдарға арналған дін саласын реттеудің тұжырымдамасы дайындалуда. Экстремизмге қарсы тұру: қауіпті ағымдармен күрес және қатердің алдын алу шараларын іске асыру сынды екі бағытта жүргізілмек. Тұжырымдамада көзделген жұмыс негізінен халықтың діни сауатын көтеру және экстремистік көзқарастарға төзбеушілікті қалыптастыру бағдарлары бойынша жүргізілетін болады.
"1992 жылы қабылданған «Діни сенім мен ар-ождан бостандығы туралы» заңның елімізге көптеген теріс ағымдардың еніп, миссионерлердің қаптап кетуіне ықпалын тигізгені белгілі. Жаңа заңда осы жайлар ескеріліп, діни рәсімдер тек арнайы жабдықталған ғимараттарда және уағыз да сондай орындарда айтылуы міндеттелген. Сондай-ақ, діни бірлестіктерді қайта тіркеу бұрынғы қаптап кеткен күмәнді ағымдардың қатарын азайтып, дін саласын біршама ретке келтіргендей болды. Десек те, бұл бағытта әлі де біраз жұмыстар атқарылуы қажет. Осыған орай, заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде", - Е.Мұратбеков.
Кездесу барысында халықаралық мәдениет және діни орталықтың директорына жұртшылық тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, нақты жауаптар алынды.