Ақмоланың бес ауданының тұрғындарына күрделі операцияларды алу мүмкіндігі туды

АСТАНА. KAZINFORM - Ақмола облысының бес ауданындағы 106 мыңнан астам тұрғын енді облыс орталығына бармай-ақ, күрделі операциялар мен мамандандырылған медициналық көмекті Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасынан ала алады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

емхана
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңғыртудан өткен аурухананың жұмысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты.

Жаңғырту нәтижесінде ауруханадағы төсек саны 154-тен 172-ге дейін ұлғайтылды. Кардиохирургия, нейрохирургия, эндокринология, урология және балалар хирургиясы сияқты жаңа бағыттар ашылды.

Ақмоланың бес ауданындағы 106 мың тұрғын күрделі операцияларды ала алады
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Ангиограф орнатылғаннан кейін мұнда қазірдің өзінде 160-қа жуық операция жасалды. Бұған дейін жіті коронарлық синдромы бар пациенттер Атбасардан 200 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан облыс орталығына жіберілетін. Енді қажетті медициналық көмекті жергілікті жерде ала алады.

Атбасар ауруханасы медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және дәрігерлерді жүйелі түрде қолдау өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінінің нақты мысалына айналды.

Соңғы екі жылда мұнда 51 маман тартылды, оның 22-сі биыл жұмысқа орналасты. Бүгінде ауруханада 85 дәрігер еңбек етеді. Мамандарға, оның ішінде бұған дейін тапшылық болған бағыттар бойынша қажеттілік толық қамтамасыз етілді.

емхана
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Медицина қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй және 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер көзделген.

Министр босандыру бөлімшесіне де барып, онда сегіз айдың ішінде 270 босандыру жүргізілгенін көрді. Жас аналармен әңгімелесіп, жаңа туған нәрестелерге сыйлықтар табыс етті. Бөлімше акушер-гинекологтармен толық жасақталған.

Сапар барысында Ақмарал Әлназарова медицина ұжымымен аурухананы одан әрі дамыту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

перзентхана
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Бүгінде Атбасар ауруханасы Ақмола облысының бес ауданында тұратын 106 мыңнан астам тұрғын үшін диагностика мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл халқына мамандандырылған медициналық көмекті барынша жақындатып отыр.

Осыған дейін«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында медициналық нысан салу жоспары 100 пайыз орындалғаны туралы жаздық.

Ақмоланың бес ауданындағы 106 мың тұрғын күрделі операцияларды ала алады
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі