Ақмоланың Бұланды ауданында көппəтерлі 15 үй салынады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бұланды ауданында көппəтерлі 15 үй салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Мəлік Мырзалиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында аймақ басшысы «Бұланды-Астық» ЖШС кәсіпорнында болып, астық қабылдау жұмыстарымен танысты.
Кәсіпорын басшысы Ерлан Ахметовтың айтуынша, элеватор тәулік бойы жұмыс істеуде. Астық келтіру жұмыстары бір сəтке де тоқтамайды. Биылғы науқанда элеватор 80 мың тонна астықты қабылдауға дайын.
Бұдан кейін облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Макинск қаласы орталығында салынып жатқан 45 пəтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңын аралап көрді. Айта кету керек, өткен жылы Бұланды ауданында 18 пəтерлі алғашқы тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.
Оған қоса, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде көппəтерлі 15 үй салынады. Макинск құс фабрикасының ашылуы өңірде баспанаға деген сұранысты одан әрі арттыра түсті.
Нысанды аралау кезінде аймақ басшысы баспана салудың стратегиялық маңызы зор екенін айтып, Бұланды ауданы əкіміне құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды.