Әкімшілік дауларды шешуде жүйелілік қажет – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа сенімнің арта түскенін көрсетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты.
– Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Кей азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек, – деді Президент.
Сондықтан Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор екенін жеткізді.
Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі.
– Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.
Былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыды. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген.
Бұған дейін хабарланғандай, форум барысында Президент мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту алдыңғы қатарлы міндеттің бірі екенін атап өтті.