Әкімшілік істерде бірыңғай тәртіп қалыптаспақ
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғарғы Сотта әкімшілік істер бойынша заңдылықты нығайтуға, сот практикасын біріздендіруге және процестік талаптарды нақтылауға бағытталған нормативтік қаулы жобасы талқыланды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша процестік заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары, құқық қорғау органдарының, адвокаттар қауымдастығының және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі мақсаты — әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде процестік нормаларды қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, сондай-ақ сот тәжірибесінде туындайтын проблемалық мәселелерді шешу.
Дөңгелек үстел барысында жобаның әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғаудың заңдылығы, процестік мерзімдер мен лауазымды адамдардың өкілеттіктеріне қойылатын талаптардың сақталуы, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету және дәлелдеу міндетін бөлу мәселелеріне қатысты негізгі ережелері қаралды.
— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды дұрыс жасау, соттың әрекеттің құқықтық саралануын өзгерту шектері, процестік талаптарды елеулі бұзудың салдары, сондай-ақ соттылық қағидалары мен істерді қарау мерзімдерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қатысушылар шағымдарды қарау және сот актілерін апелляциялық және кассациялық тәртіппен, оның ішінде жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау кезінде процестік нормаларды қолдану мәселелерін талқылады.
Пікір алмасу барысында судьялар корпусының, мемлекеттік органдар мен адвокаттар қауымдастығының өкілдері құқық қолданудың өзекті мәселелерін көтеріп, жобаға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Процестік заңнаманы түсіндіру мен қолдануда бірыңғай тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Өйткені мұндай бірізділіктің болмауы ұқсас мән-жайлар бойынша істердің әртүрлі шешілуіне әкелуі мүмкін.
Талқылау қорытындысы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құқық қолдану сапасын арттыруға, заңдылықты нығайтуға және сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік қаулы жобасына қатысты ұсыныстар әзірленді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан сот жүйесінде ЖИ қолданудан әлемдік рейтингте 4-орында екенін жаздық.