Ақордада Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен 2009 жылғы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті,

Ақордада Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап өтерлігі, бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстарға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы, сараптамалық-талдамалық бағалауды және жұмыстарды қоғамдық талдауды ұйымдастыру бойынша алдын ала жұмыстар жүргізген. Сөйтіп ұсынылған 16 жұмыстың ішінен ағымдағы жылы үш жұмыс іріктеліп алынған. Олар: «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Ядролық физика институтының жетілдірілген эксперименттік ядро-физикалық қондырғылары негізінде ядролық және радиациялық физика саласындағы іргелі зерттеулер», «Қазақстанның минерагениясы және минералды-шикізат ресурстарын дамыту перспективалары» және «Еркін алгебралардың автоморфизмдері мен ішкі алгебралары» деп аталатын еңбектер. Бұл жұмыстар бірнеше ай бойы еліміздің және шетелдердің ғылыми орталарында,  баспасөздерінде талқыланған.

Комиссия отырысында сарапшылардың қорытындысын және қоғамдық пікірлерді ескере отырып, жасырын дауыс беру нәтижесінде алдын ала сұрыптаудан өткен жұмыс (немесе жұмыстар -ред) мемлекеттік сыйлықты беруге ҚР Президентінің қарауына ұсыну үшін таңдалды. Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру туралы Елбасы шешім қабылдағаннан кейін, оларды лауреаттарға тапсыру рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді. Комиссия отырысында Қ. Саудабаев: «Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес, комиссияның міндеті - біздің елде, сондай-ақ дүние жүзінде ғылымның дамуына маңызды үлес қосып жатқан отандық ғалымдардың жоғары әлеуетін көрсететін нағыз лайықты және шын мәніндегі серпінді ғылыми жұмыстарды таңдау», деді.