Ақордада Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның биылғы алғашқы отырысы өтті

АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат / Айдар Оспанәлиев/ - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі комиссияның ағымдағы жылғы алғашқы отырысы өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелердің бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңінің атқарылу барысы талқыланды. Сондай-ақ мәжіліске қатысушылар жемқорлықпен күресте Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу жайы мен мемлекеттік органдардағы жемқорлыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді саралады. Отырыс барысында аталмыш мәселелер жөнінде сөз қозғаған Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев «Қазақстан қазір өзге елдер сияқты дағдарыстың салдарынан туындаған зардаптарды бастан кешіруде. Осыған орай елде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде дағдарысқа қарсы жұмыстар жоспары бекітіліп, экономиканың дамуын тұрақтандыру үшін ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінді. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде еліміздің әрбір теңгесі орнымен жұмсалуы маңызды. Мемлекет бөліп отырған қаржы міндетті түрде тиімді жұмсалып, тиісті мақсатына жетуі керек. Бұл үшін мемлекет қаржысының кіріс-шығысы қатаң бақылануы қажет және бұл бағыттағы жұмыстарға құқық қорғау және заңды қадағалау органдары мен Президент жанындағы жемқорлықпен күрес комиссиясының әрбір мүшесі барынша белсенді атсалысқаны абзал. Бұл біздің әлемді жайлаған дағдарыстың зардаптарын жою жолындағы мемлекет жүргізіп отырған шараларға қосқан зор үлесіміз болмақ», деп атап көрсетті. Отырыста Президент жанындағы жемқорлықпен күрес комиссиясының атқарып жатқан істері жөнінде Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров, Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Арын Өрсариевтер баяндама жасады. Мәжілістің қорытындысы бойынша Елбасының жемқорлықпен күреске қатысты берген тапсырмаларын орындау үшін тиісті шаралар қолданып, жемқорлыққа қатысты мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңінің жоспарын бекіту жөнінде шешім қабылданды.
Соңғы жаңалықтар