Ақордада Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Президент жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссиясының отырысы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі комиссияның отырысы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып отыр. Біз соғыс ардагерлерінің майдандағы ерлік істерін өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне пайдалануымыз қажет. Ол сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның азаматтарына Отанға мінсіз қызмет етудің жарқын үлгісі болуы тиіс. Өкінішке орай, ардагерлеріміз күннен күнге азайып барады. Қазақстаннан соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың адамның жартысынан көбі қайтып елге оралмады. Оларға әрине тыл еңбеккерлері, балалар мен қарияларға дейін қол ұшін созды. Сондықтан бұл барлығымыз үшін ортақ жеңіс», деді Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ биыл Ұлы Жеңіске 65 жыл толып отырғандығын атап өткен Қ.Саудабаев, «Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сіздермен бірлесіп, еліміздің аймақтарындағы атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар ұсынып отырған азаматтарға мемлекеттік наградаларды табыс ету мәселесін талқылауымыз қажет. Біз ата-бабалармыздың жасаған ерліктерін қашанда есте ұстауымыз керек. Сонда ғана біз бақытты ел боламыз. Алдағы келе жатқан мерекенің еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымда аталып өтіп жатқандығы бекер емес. Бұл біздің ардагерлерге деген құрметіміздің тағы бір көрінісі», деді Қ.Саудабаев.