Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды - Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жол құрылысы саласын жемқорлық жайлаған. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біз бір апта бұрын еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы арнайы жиын өткіздік. Бүгін автожол инфрақұрылымы саласындағы түйткілдерге ерекше тоқталғым келеді. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу қажеттігін баса айтты.

«Жолдың сапасына айрықша назар аудару керек. Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде, Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды», - деді Қазақстан Президенті.

Президенттің атап өтуінше, жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп.

«Тендерді жыл сайын бірлі-екі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Соның бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Жарты жыл өтті. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Бұл жұмыс Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өте баяу жүргізілуде», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар