Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған фотобайқаудың қабылдау мерзімі ұзартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан екі ай бұрын Ақорданың баспасөз қызметі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік - қазақстандықтар көзімен» атты фотобайқау жариялаған болатын. Бүгін Ақорданың баспасөз қызметінің Фейсбуктегі жеке парақшасында байқаудың фотосурет қабылдау мерзімі тағы бір аптаға, 25 сәуірге ұзартылғаны хабарланды.

Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған фотобайқаудың қабылдау мерзімі ұзартылды

«Бұдан екі ай бұрын біз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік - қазақстандықтар көзімен» атты фотобайқау жариялаған едік.
Осы уақыт ішінде әртүрлі кезеңде түрлі жастағы адамдар түрлі құралдар арқылы түсірген мыңнан астам фотосурет келіп түсті. Олардың барлығына ортақ жайт біреу: олардың әрқайсысы - тәуелсіз Қазақстан тарихының бір-бір бөлшегі.
Байқаудың соңғы күндері қатысушылардың белсенділігі күрт артты. Сондықтан біз фотосурет қабылдау мерзімін тағы бір аптаға, 25 сәуірге дейін ұзартып отырмыз. Ал 5 мамырда қазылар алқасы ең үздік жұмысты атап,1 млн теңге мөлшеріндегі бас жүлденің кімге тиесілі екенін жария ететін болады.
Егер қатысқыларыңыз келсе, фотосуреттерді akorda.press@gmail.com электронды поштасына жолдаңыздар!», делінген хабармалада.