Ақпан айындағы инфляция 0,4 пайызды құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен ақпан айында Қазақстанда инфляция деңгейі 0,4 пайызды құрады. Баға ақылы қызметтерге өткен айда 1,3 пайыз, азық-түлік тауарларына - 0,2 пайызға өсті, азық-түлік емес тауарларына 0,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Өткен айда баға өсімі жаңа жиналған көкөністерге 3 пайыз, пастерленген сүтке - 1,4 пайыз, жаңа жиналған жемістерге - 1,1 пайыз, шошқа етіне - 0,9 пайызға, макарон өнімдеріне, шайға, алкогольді ішімдіктерге - 0,8 пайызға өсті, сондай-ақ қышқыл сүт өнімдеріне - 0,7 пайызға, балық консервілеріне 0,6 пайызға, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдеріне - 0,5 пайыз, сүзбеге - 0,4 пайыз, кондитер өнімдеріне - 0,3 пайызға өсуі белгіленді. Сонымен бір мезгілде бағаның төмендеуі қантқа - 4 пайызды, құс етіне - 1,9 пайыз, жұмыртқаға - 1,8 пайыз, картопқа - 1 пайыз, ұнтақ жармаға - 0,5 пайызға, бірінші сортты бидай ұнына, сұлы жармаға, қой етіне, күнбағыс майына - 0,4 пайыз, күрішке, сиыр етіне - 0,3 пайыздан тіркелді. «Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 2,3 пайыз, жеке пайдалануға арналған тауарларға - 0,5 пайыз, киім және аяқ киімге - 0,4 пайыз, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3 пайызды құрады. Баға деңгейі денсаулық сақтау қызметтеріне 1,3 пайыз, мектепке дейінгі білім беруге - 0,9 пайыз, қонақ үйге - 0,4 пайызға өсті және кабельдік телевизия қызметтеріне 47,5 пайызға жоғары болды. Бұдан бөлек, алыс қашықтыққа қатынайтын жолаушылардың темір жол көлігіне жол жүру ақысы 5,6 пайызға қымбаттап, әуе көлігі - 1,8 пайызға арзандаған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергияға 6,3 пайызға, кәрізге - 1,1 пайыз, суық суға - 1 пайыз, ыстық суға, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,6 пайыздан өсті», - делінген баспасөз баянында.