Ақпанда азық-түлік тауарларының бағасы 5 пайызға өсті
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - 2013 жылғы ақпанда еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасы 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 5 пайызға өсті. Бұл туралы Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, есепті кезеңде ұнның бағасы 12,4 пайызға, макарон өнімдеріне - 10 пайыз, балық және теңіз, тоқаш және ұн өнімдеріне - 5,4 пайыздан, кофе, шай және какаоға - 5,8 пайызға, кондитерлік өнімдерге - 4,2 пайыз, алкогольді ішімдіктерге - 4,8 пайыз, жемістер мен көкөністерге - 8 пайыз, сүт өнімдеріне - 3,9 пайыз, нанға - 2,5 пайызға өскен. Сонымен бірге, бағаның жармаларға 21,5 пайызға, қантқа - 2,1 пайызға төмендеуі байқалған.
Бұдан бөлек, ақпан айында былтырмен салыстырғанда ет және ет өнімдері бағасының өсімі 6,4 пайызды құрады. Шошқа етіне баға деңгейі 8,5 пайыз, қой етіне - 7,2 пайыз, сиыр етіне - 7 пайыз, жылқы етіне - 6,8 пайыз, құс етіне - 5,1 пайыз, шұжық өнімдеріне - 4,3 пайызға жоғары болды.