Ақпанда бензин бағасы 3,2 пайызға қымбаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы ақпанда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өндіруші кәсіпорындар бағасы 6,7 пайызға жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статитистика комитетінің деректеріне сәйкес, кен өндіру өнеркәсібінде - 11,5, өңдеу өнеркәсібінде 1,6-ға жоғарылау байқалды. Өндірілген өнім - 7, өндірістік сипаттағы қызметтер 4,3 пайызға қымбаттады.
«Жыл басынан бергі кезеңде өндіруші кәсіпорындар бағасы металл кендеріне - 14,6, мұнайға - 12,7, табиғи газға - 7,6, көмірге - 3,7, бензинге - 3,2, дизель отынына - 2,5, сұйытылған пропан және бутанға 1 пайызға жоғарылады. Бағаның ферроқорытпаларға - 10,7, қара металдар илегіне 2,5 пайызға жоғарылауы, асыл металдарға 3,1 пайызға төмендеуі тіркелді»,- делінген ақпаратта.
Сонымен қатар комитет өндірушілер бағасының шайға - 5,3, сүт өнімдеріне - 4,1, қара бидай ұнына - 2,7, мал етіне - 2,3, нанға - 0,9, маргаринге 0,8 пайызғаға жоғарылауы, ал қантқа - 4,9, жармаларға - 3,5, балыққа - 3,1, бидай ұнына - 2,1, өсімдік майына 0,9 пайызға төмендеуі байқалғанын атап өткен.