Ақпанда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бағасы 1,8 пайызға жоғарылады
АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы ақпанда қаңтар айымен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде 2,4 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде - 0,2 пайызға жоғарылады. Өндірілген өнім 1,9 пайыз, өндірістік сипаттағы қызметтер - 0,4 пайызға қымбаттады.
Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Мәліметтерге қарағанда, өткен айда бағаның отындық мазутқа 4,1 пайыз, газ конденсатына - 3,4 пайыз, металл кендеріне - 3,1 пайыз, мұнайға - 2,6 пайыз, дизельдік отынға - 1,6 пайыз, керосинге - 0,6 пайызға жоғарылауы, сонымен бірге олардың сұйытылған пропан мен бутанға 7 пайыз, көмірге - 2 пайыз, табиғи газға - 1,9 пайыз, бензинге - 0,2 пайызға төмендеуі тіркелген.
Сонымен бірге, бір айда баға қорғасынға 14,1 пайыз, өңделмеген мырышқа - 8,1 пайыз, мысқа - 0,6 пайыз, ферроқорытпаларға - 0,1 пайызға жоғарылаған. Керісінше, өңделмеген алюминийге - 2,7 пайыз, қара металдар илегіне - 2,1 пайыз, асыл металдарға - 0,8 пайызға төмендеді.
Бұдан бөлек, қара бидай ұны 18,5 пайыз, мал еті - 4,9 пайыз, қант - 3,4 пайыз, бидай ұны - 1,5 пайыз, жармалар - 1,3 пайыз, макарон өнімдері - 1 пайызға қымбаттап, темекі өнімдері - 4, балық - 1,4 пайызға, өсімдік майы - 0,2 пайызға арзандаған.