Ақпанның 14-іне дейінгі мәліметтер бойынша кезектен тыс Президент сайлауында қатысу үшін 6 азамат өтініш берді

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақпанның 14-іне дейін Орталық сайлау комиссиясына өздерін Президенттікке кандидат етіп тіркеу жөнінде 6 адам өтініш берді.
None
None

Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша ОСК-ға алғашқылардың бірі болып өзін заңгермін деп таныстырған Сәлім Өтен мырза өтініш берген. Бұдан соң эколог, ғалым Мұсағали Дуамбеков Президент болуға ниетті екендігін жеткізді. Оның ізін ала, президенттікке кандидат ретінде саясаткер, «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров тіркелді. Бұдан соң «Аттан, Қазақстан» қозғалысының көшбасшысы Амантай-қажы Асылбек те ел басқарудан үмітті екендігін айтып, ОСК-ға өтініш түсірді. «Нұр Отан» халықтық - демократиялық партиясының XIII съезінен соң осы партия атынан Президенттікке кандидат болып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тіркелді. Президенттің ізін ала алтыншы кандидат болып 1962 жылы туылған Астана тұрғыны Қанат Есжанов тіркелді. ОСК-ның мәліметтерінше, аталмыш азамат жұмыссыз.

Сонымен осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға ниет білдірген азаматтар саны 6 адамды құрады. Алайда Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтиханды тек Президенттікке кандидат Сәлім Өтен мен Мұсағали Дуамбеков және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қана сәтті тапсыра алды. Ал Уәлихан Қайсаров комиссияның сынына төтеп бере алмады. Осыған байланысты ол Президенттікке кандидат ретінде тіркелу мақсатында ОСК-на екінші қайтара құжат тапсырды. Алайда ОСК мүшелері оның өтінішін қараусыз қалдырды. Осылайша аталмыш кандидат саяси додадан тыс қалды. Ал Амантай-қажы Асылбек алдын ала ескертілгеніне қарамастан ақпанның 12-і күні белгіленген лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды. Алайда бұл аталмыш кандидаттың сайлаудан тыс қалғандығын білдірмейді. Себебі оның емтихан тапсыруға әлі уақыты бар. Соңғы тіркелген кандидаттың емтихан тапсыру мерзімі әзірге белгісіз. Осылайша 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауында бәсекеге түсетін азаматтар саны 5 адамды құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар