«Ақпарат бермеген шенеунік айыппұл төлейді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 қазан, сәрсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Сыртқы істер министрлігінде Елбасының, халықаралық және ұлттық сарапшылардың оң бағасын алған, сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар офисінің техникалық жәрдемімен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бөлек таралыммен шығарылған Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» арнайы баяндамасының халықаралық тұсаукесері өтті. Тұсаукесер барысында баянда­мада Қазақстан бекіткен халық­аралық келісімшарттардың нормаларына сәйкес адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің салыстырмалы талдауы, құзырлы мемлекеттік органдар қызметінің бағасы, Конституцияның нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек және мәдени құқықтарын қорғау тетіктерін әрі қарай жетілдіру бойынша нақты әрі пәрменді қадамдар қамтылғаны атап өтілді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөй­леген сарапшылар Президент жанын­дағы Адам құқықтары жөнін­дегі комиссияның арнайы баянда­масына оң баға беріп, олар­дың ұсынымдарын Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Парла­менті іс жүзінде жүзеге асыруға кіріскендерін айтып өтті. Бұл материал «Бағдарлама оң бағаланды» деген тақырыппен берілген.

Бас басылымда «Менің орнымда өзгелер де осылай істер еді» атты мақала басылды. Қазан айының басында Ас­танада «Мәңгілік Ел - болашағы біртұтас ел» тақырыбында республикалық патриоттар форумы өткізілді. Осы шеңберде «Жыл патриоты» байқауының қорытындысы шығарылып, мұнда жеңімпаздар жеті аталым бойынша марапатталды. Солардың ішінде Зеленов ауданындағы Достық ауылының тұрғыны, 8-сынып оқушысы Никита Тюкин «Ерлігі үшін» аталымына ие болды. Оған бұл марапат не үшін берілді? «...Достық мектебінің жетін­ші сынып оқушысы суға батып бара жатқан екі қызды құт­қарып қалыпты» деген ақпарат әлеуметтік желілерді шарлап кеткен кезде біз де бүгінгінің батыры - Никитаны кездестіруге асықтық. Бірақ, ересек адамның өзі ойланып қалар сәтте қаймықпастан суға секіріп, талықсып жатқан жанды құтқарып алған баланың ерлігі жұртшылық пен жергілікті билік өкілдерінің назарынан тыс қалған жоқ», - деп жазады мақала авторы. Никитаның ерлігі жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.

***

«Нұротандық» депутаттар журналистер қауымы үшін жағымды «жаңажылдық» сый әзірлеуде.

Көшбасшы партияның парламенттік фракциясының депутаттары жазған жаңа заң жобасы арқасында келер жылдан бастап, ақпарат құралдары үшін шенеуніктерден қажетті ақпаратты алу оңайлайтын болады. Бұған қоса, кеше депутат Мәулен Әшімбаев БАҚ туралы қолданыстағы заңның қайта қаралуы мүмкіндігін хабарлады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Ақпарат бермеген шенеунік айыппұл төлейді» атты мақаласында.

Сенаттың Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитеті өзінің кешегі ке­ңейтілген отырысында «Ақ­па­­ратқа қол жеткізу туралы» және оған ілеспе - қос заң жоба­сын қарады. Бұл жобалар «Нұр Отан» партиясы фрак­ция­сының бастамашылығымен әзірленген. Сол себепті оларды Жоғарғы палатада Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы М.Әшімбаев қорғады. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, осы заң өмірге жол­дама алған соң меморгандар даярлайтын ақпараттың 70%-ы барша қазақстандықтар үшін ашық әрі қолжетімді болады. Қалғаны мемлекеттік және ком­мерциялық құпияға, мем­орган­дардың «ішкі қолданысына арналған» ақпаратқа жатады.

Осы басылымда «Эстрадамызды сүзгіден өткізуіміз керек» деген мақала жарияланды. «Өткенде белгілі әнші Жеңіс Ысқақо­ваның сұхбатын оқып отырып, аласа­пыран күй кештім. «Қазақ эстрадасында гейлер бар дегенді естимін. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенді естен шығармау керек. Соңғы бес жылдың ішінде шайтанға айналып шыға келдік. Жастардың бәрі жынды болып барады. Киген киімдері де тентексүрейлер іспетті. Жігіт пен қызды бір-бірінен ажырата алмаймыз. Қыздарымыз - еркекшора, жігіттеріміз - көгілдір. Оның барлығы, айналып келгенде, ғалам­тордың зияны, музыкалық телеарнада цензураның жоқтығынан» депті Жеңіс Ысқақова. Расында, қазақ эстрадасында гейлер бар дегенді қазір жиі естиміз. Тіпті оны әншілердің өздері де жасырмайды. Бірақ кім гей? «Қарға қарғаның көзін шұқы­майды» дегендей, айтқысы келмейді. Сонда мұның бәрі қайдан шықты?», - деп жазады мақала авторы.

***

Семейде газеттердің таралымы күрт төмендеді. Баспагерлер жарнамадан келетін кірістер мен бөлшек сауданың төмендеуінен шығынға батуда, деп жазады «Экспресс К» газеті «Киоск союз-печали» атты материалында. Кейбір БАҚ-та жалақы бойынша қарыздар жиналған көрінеді. Бұл жағдайдан шығу үшін газет иелері өздерінің өнімдеріне бағаны көтеруде, алайда оқырмандар артық төлеуге ниет танытпай отыр. Аталған іске оңтайлы қадам жасау тұрғысында газеттер электронды форматқа ауысқан кезде оқырмандар аудиториясы артады деген пікір бар, бірақ та осындай әрекеттер басылымдардың кірісін арттыра алмайды.

Соңғы жаңалықтар