Ақпарат министрі су басқан аумақтарда журналистердің жұмысын шектеу туралы пікір білдірді

Аида Балаева
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлерде журналистердің жұмысын шектеу туралы пікір білдірді.

«Кеше ғана төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері бастапқыда эвакуациядан бас тартқан адамдарды шұғыл жағдайда құтқаруға мәжбүр болды. Әрине, біз бірінші кезекте адамдардың қауіпсіздігі туралы айтып отырғандықтан, олардың құзырында заңнамалық шектеу нормалары бар. Оның ішінде журналистер де бар. Мен сіздерге қазір нақты айта алмаймын. Өйткені біз Астанада отырмыз. Ол жақта қандай жағдай болып жатыр? Бәлкім сіздердің онда баруларыңызға болмайтындай ахуал бар шығар. Сондықтан бәрі орныққаннан кейін мән-жайды анықтайық», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.

Журналист мұндай шектеу цензураның бір түрі емес пе, деген сауал қойды.

«Құтқару жұмыстары кезінде жұмыс істеп жүргеніңізде біреу батып кетсе, зардап шексе, кім жауап береді? Сондықтан заңнамада бар тәртіпке бағынайық. Мен оны цензура деп есептемеймін, адамдардың өміріне деген қамқорлық деп есептеймін», - деді Аида Балаева.

Осыған дейін БҚО-да журналистердің су басқан аймақтарға кіруіне тыйым салынғаны туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар