Ақпарат министрі цифрлық эфир таратуды енгізу қашан аяқталатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірі цифрлық эфир таратуға 100 пайыз көшеді. Бұл туралы бүгін елордадағы «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан  халықпен есептік кездесу барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпарат министрі цифрлық эфир таратуды енгізу қашан аяқталатынын айтты

«Аналогтық хабар таратудан біртіндеп цифрлық хабар таратуға көшу жұмысы белсенді жүргізілуде. Шалғай аудандар тұрғындарының сапасы төмен 3-4 арнаға ғана қолы жетімді болған кездер бүгінгі күні артта қалды. Қазір халықтың цифрлық телевизиямен жалпы  қамтылуы 77 процентке  дейін жетті. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында цифрлық эфир таратуды енгізу процесі аяқталды. Қалған облыстарда бұл жұмысты 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз», - деді ол.

Министр өз сөзінде отандық спутниктің телевизия абоненттерінің саны 1 млн. 300 мыңға жақындағанын атап өтті.

«Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазір көрермендеріміз отандық  спутниктік телевизияға басымдық беріп отырғандығын сеніммен айтуға болады. Сондай-ақ халықаралық  тәжірибе мен оқырмандардың қалауын ескере отырып, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда»  газеттеріне редизайн жүргізілді. Қазір бұл газеттер толық түрлі-түсті форматта шығуда. Сонымен қатар олардың сайттары да үлкен жаңғыртудан өтіп, ықпалды  ақпарат ресурсына  айналды», - деді Дәурен Абаев.