Ақпарат министрі журналистерді «Үркер» сыйлығына қатысуға шақырды
«Менің ойымша бұл сыйлық журналистерге аздық етеді, өйткені бір сыйлықпен ғана журналистердің біліктілігін айқындау мүмкін емес. Журналистердің еңбегін кәсіби абыройы бойынша бағалау маңызды. Осы сыйлықтың арқасында журналистердің біліктілік деңгейі жоғарылайтын болады. Қазылар алқасының шешіміне, кім жеңімпаз болатындығына біздің еш ықпалымыз болмайды»,- деді «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» жобасы шеңберіндегі сөзінде министр.
Сондай-ақ Дәурен Абаев журналистер арасындағы «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық байқауының зор беделге ие болғандығын да атап өтті.
«Тұмар» сыйлығына ең үздіктер ие болды, алайда өткен байқау шарасын қарай отырып, ондағы кейбір жайттардан біз сабақ алдық және оны «Үркер» сыйлығын өткізу кезінде міндетті түрде қаперімізде ұстайтын боламыз. Яғни, біз қазылар алқасының құрамы мен номинацияларды бұрынғыдан да ерте жариялаймыз, сонымен қатар сыйлыққа ие болған адамдардың салтанатты табыстау шарасына дайындықпен келуі және міндетті түрде қатысуы үшін жеңімпаз үміткердің қысқаша тізімі немесе басқа да номинациялар алдын ала хабарланады. Бұдан басқа байқауға бұрын қатысуға өтінім берген үміткерлер де қатыса алады, сондықтан да журналистердің белсенділік танытып және байқауға қатысуға өтінім беруі өте маңызды»,- деді министр.