Ақпарат министрлігі іздеу жүйелері мен іздеу жүйесінің операторларына заңнамалық анықтама беруді ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі интернеттегі іздеу жүйелері мен іздеу жүйесінің операторларына заңнамалық анықтама беруді жоспарлап отыр. Вице-министр Кемелбек Ойшыбаев елордада өтіп жатқан бұқаралық медианы заңнамалық реттеу туралы конференцияда осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрліктің қарауында жатқан және біздің көзқарасымыз бойынша, заңнамаға енуі қажет мәселелерге тоқталғым келеді. Олардың кейбіреулері бойынша ұсыныстар тұжырымдалған, бірақ түпкілікті шешім қабылданды деуге ерте. Өйткені көпшіліктің талқысынан өткен жоқ. Сондай-ақ басқа мемлекеттік органдармен келісу талап етіледі», - деген вице-министр интернет арқылы контент тарату мәселелерін қолданыстағы заңнамада нақтылап, шекарасын белгілеу маңызды мәселеге айналып отырғанын атады.
«Атап айтқанда, интернет-телерадио хабарларын тарату операторы, онлайн форматтағы телерадио хабар тарату операторы, аудиовизуалды онлайн-платформа деген не дейтін сұрақтарға жауап берілуі керек? Олар бір-бірінен несімен ерекшеленеді? Іздеу жүйелері мен іздеу жүйесінің операторларына заңнамалық анықтамалар беру керек пе? Желілік басылымдар ұғымын неғұрлым нақтылай түсу қажет. Әлеуметтік желідегі аккаунттар мен арналар ақпаратты жаппай тарату құралдарының біріне айналды. Оларды бұқаралық ақпарат құралдарының қай санатына жатқызуға болады? Министрлік осы бағыттардың барлығына жаңаша түсінік беруді ұсынады. Қазір біз жұмыс тобының қарауына енгізетін тұжырымдамалар әзірлеп жатырмыз», - деді министрдің орынбасары.