Ақпарат министрлігіне қарасты комитет атауы өзгерді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінің атауы Телекоммуникациялар комитеті болып өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпаратық-құқықтық жүйесі сайтына сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің №773 қаулысына қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі «Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі болып өзгереді.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.