Ақпараттық гигиенаға баланы тек ата-анасы үйрете алады - Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қоғамдық резонанс тудыруына байланысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министр Дәурен Абаев жауапты органдар терең талдау жүргізер деген сенімін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Айта кетсек, «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Дәурен Абаевтан жасөспірімдер арасындағы қылмыс жағдайлары мен олардың видео ретінде таралуына қатысты пікірі сұралған болған.

«Шынында да, жасөспірімдер арасындағы мұндай жағдай үрей тудырады. Ол жағдайлар жауапты органдардың назарынан тыс қалған жоқ. Әрбір жағдай бойынша тергеу жүргізілді. Тергеу амалдары соңына дейін жүргізіліп, кінәлілер жазаланатынына толық сенімдімін», - деді Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, жасөспірімдердің бір-бірін аямай ұрғаны түсірілген видео шынында да, жаға ұстатады.

«Себебі, әрбір ата-ана ол балалардың орнына өз баласы болып қала ма деп үрейленеді. Осының бәрі де айналып келгенде БАҚ-та бұл мәселенің шуын үдете түседі. БАҚ осы мәселелерге ерекше маңыз беріп, ұқсас материалдарды жариялайды. Соңында туындаған резонанс мұндай жағдайлардың тым көп екенін сезіндіргендей болады. Бірақ, субъективті сезіммен балалар арасында зорлық-зомбылық культы артып барады деп үкім айту, дұрыс емес. Осы жағдайлардың бәрі бойынша Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігі терең зерттеу жұмыстарын жүргізер деп үміттенемін», - деді ол.

Дәурен Абаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс жағдайлары соңғы жылдары 36 пайызға азайған. Министр келтірген мәліметке сүйенсек, 2013 жылы ол қылмыстардың саны 45 мың болса, 2018 жылы 29 мыңға төмендеген.

«Баланың психо-эмоционалдық дамуын айқындайтын жетекші бір фактордың жоғын біздің бәріміз жақсы түсінеміз. Ата-аналардың тәрбиесі, мектеп, масс-медиа - бәрі де жасөспірімдердің қалыптасуына ықпал етеді. Сол себепті, қатігездікке белгілі бір фактор әсер етеді деп айтпас едім. Сөзсіз, ақпараттық алаң балалардың әрекеті мен психикасына өте үлкен әсер етеді. Елестете беріңіз, егер бала ешқайда шықпай, үйде тек қатігез компьютерлік ойындарды ойнай берсе, әлбетте, белгілі бір затты тек бір жағынан қабылдауы мүмкін», - деп атап өтті министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде мемлекетімізде балаларды зиянды ақпараттардан қорғау турасындағы шаруа атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

«Деструктивті контенттерге мониторинг жүргізіліп, олар жойылуда. Біз барлық операторларға тазартылған трафик ұсынуды міндеттедік. Азаматтық қоғаммен бірге «Ақ интернет» пакеті құрылды. Ол бойынша мақұлданған сайттарды кез келген смартфонмен аша беруге болады. Бірақ, біз әрбір баланы жеке барлық сайттардан, форумдар мен блоктардан қорғай алмаймыз. Ақпараттық гигиенаға баланы тек ата-анасы үйрете алады. Ахмет Байтұрсынұлының «Баланың ұлша тәрбиелесең ұл, құлша тәрбиелесең құл болмақшы» деген сөзі бар. Жалпы, елімізде 5 мыңға тарта мәдени және ойын-сауық мекемесі бар. Олардың басым бөлігі дотациялық сипатқа ие. Алайда олардың біршамасы бос тұр. 2018 жылы ғана 400 жаңа нысан - футбол және хоккей алаңдары, стрит-уоркауттар мен ойын-сауық орталықтары ашылған. Біздің бала кезімізде ол жайлы тіпті армандамаған едік», - деді ол.

Сондай-ақ, Дәурен Абаев ауылдарда мұндай үйірмелер бола бермесе де, жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатқанын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар