Ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің көтерілгеніне қарамастан бұл салада нәтиже жоқтың қасы - сенатор Қуаныш Айтаханов
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑Ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің көтерілгеніне қарамастан бұл салада нәтиже жоқтың қасы.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында «ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келісімнің бірінші қосымшасында ақпараттық қауіпсіздікке анықтама берілген. Ал құжаттың 2-ші бабының екінші қосымшасында халықаралық ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің қатарына мына мәселе жатқызылады: 5-ші тармақта «басқа мемлекеттердің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйелеріне, рухани, адамгершілік және мәдени орталарына зиян келтіретін ақпараттар тарату жатқызылған», дейді. Бұл мәселе елімізде де жиі көтеріліп келеді. Атап айтқанда, Ресей арналары арқылы Қазақстанға күндіз-түні атыс-шабысқа, зорлық пен зомбылыққа, порнография мен қатігездікке толы телехабарлар беріліп келеді. Тіпті әке-шешесі баласы мен қызының жанында отырып теледидар көре алмайтын жағдайға да жеттік. Бұлардың барлығы жастарымызды қатігездікке тәрбилейтіні сөзсіз», деді Қ. Айтаханов. Сонымен бірге, сенатор БАҚ-та шыққан мақалаға сілтеме жасай отырып, ресейлік «СТС-Медиа» холдингіне қатысты мәселені алға тарты.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше еліміздегі «31 телеарна» тілшілері өз арналарының 20 пайыз акциясына иелік еткен ресейлік «СТС-Медиа» холдингіне қатысты мәлімдеме жасап, жұмыстан кететіндіктерін жариялаған болатын. Арна журналистерінің айтуынша, құрылтайшылық акцияның аз ғана бөлігін иеленіп отырғанына қарамастан арнаның ұйымдастыру, шығармашылық жұмыстарының шешімі Мәскеуге тәуелді болып қалған. Тіпті солардың айтағымен 2-3 жылдың ішінде ондаған қазақ хабарлары жабылыпты, арнаның эфирлік саясаты ресейлік ақпараттық экспансия жағдайында тұрған көрінеді.
Осы мәселелерді алға тартқан депутат Қ. Айтаханов, бұндай келеңсіз жайттардың алдын алу қажеттігін көтерді.