Ақпараттық қолжетімділікті бір жүйемен жүзеге асыратын заң жоқ - Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Қазіргі кейбір ақпарат құралдарының өкілдері айтып жүргеніндей ақпаратқа толықтай қолжетімділік елде қалыптасқан мәселелердің барлығын түбегейлі шеше алмайды.

Ақпараттық қолжетімділікті бір жүйемен жүзеге асыратын заң жоқ - Мәжіліс депутаты

 Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстандағы жалпыға бірдей ақпаратқа қолжетімділік»  атты халықаралық конференция барысында Мәжіліс депутаты Рахмет Мұқашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның ақпаратқа қолжетімділік мәселесіне байланысты әлемдік тәжірибені негізге ала отырып келтірген мәліметтеріне қарағанда, Ұлыбританияда ақпаратқа қолжетімділікке қатысты арнайы дайындалған заң жобасы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар және қоғам өкілдері тарапынан 30 жыл талқыланған. «Тек содан кейін ғана, елдегі лейбористердің сайлау алдында берген уәделеріне байланысты ол Парламенттің қарауына ұсынылған. Соған қарамастан осы заң жобасында 23 мәселе бойынша ақпаратқа қолжетімділікке шектеу қойылған. Бұл талаптар құжатта анық көрсетілген және ол елдің азаматтары бұған түсіністікпен қарап отыр», деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай шектеулер Норвегия мемлекетінде де бар. «Әрине, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Алайда бұл ретте шектеулердің де болуы маңызды.  Жалпы, ақпаратқа қолжетімділік мәселесіне байланысты сәйкес заңды бізге де қабылдау қажет. Бірақ бізге бұл мәселені терең зерттеп алған дұрыс. Осындай заң қажет екен деп, оны жан-жақты зерттемей жатып қабылдап жіберуге болмайды. Ең бастысы қазір Үкіметте де, Парламентте де осындай құжат қабылдауға деген ниет бар», деді халық қалаулысы.

Оның пікірінше, бізде ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар бар, бірақ олардың барлығы бір жүйе бойынша жүзеге асырылып отырған жоқ. Ал конференцияға қатысушылардың пікірлерінше, ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз етуді бір жүйеде жүзеге асыратын заң қажет.