Ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелеріне қатысты құжат заңды сыйлайтындарға ешқандай зиянын тигізбейді ? Сенат депутаты
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ешкімге және ешқандай да қауіп төндірмейді», деп мәлімдеді бүгін Сенат депутаты Ғарифолла Есім.
Бұл туралы ол Сенаттың жалпы отырысынан соң аталмыш заң жобасына байланысты журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз нағыз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі
кез-келген елдің, қоғамның өз шекарасы, кедені болатын болса, ақпараттық қоғамда ондай шекара, шектеу жоқ. Сіз бір орында отырып-ақ бүкіл дүниежүзінде болып жатқан мәселелерден хабардар бола аласыз. Бұл әрине, өте керемет дүние және ақпараттық қоғамның басты ерекшелігі. Алайда, бұл жерде басқа бір мәселе бар. Мысалы, кейбір ниеті бұзық, арам пиғылды немесе белгілі бір саяси мүддеге қызмет ететін адамдар ақпараттық жүйенің осы мүмкіндігін пайдаланып, оны өзінің жеке бас пайдасына қолдануы мүмкін. Осы кезде ақпаратты шектеу деген мәселе туады. Шектеу шарасы әрине заң арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай шаралар барлық елде бар. Олай болмауы мүмкін емес. Өйткені ол жеке бастың да, қоғамның да, мемлекеттің де қауіпсіздігіне байланысты мәселелер. Осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында біз бүгін осындай заң жобасын дайындап отырмыз», деді депутат.Сонымен қатар аталмыш құжаттың ешкімге, ешқандай да қауіп-қатер туғызбайтындығын атап өткен ол «заңды сыйлап, заң аясында жүргенді қалайтын және интернет ресурстарын да заңды пайдаланатын азаматқа бұл құжаттың ешқандай да зияны жоқ. Ал бізді сыйламайтын, заңымызбен келіспейтін азаматтарға әрине тиісті шектеу қойылады», деді сенатор.