Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Елбасы Жолдауына орай халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар жайында әңгімеледі

ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай әлеуметтің әлеуетімен танысу мақсатында республикалық ақпараттық-насихаттық топ Жалағаш, Сырдария аудандарында болды,

Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Елбасы Жолдауына орай халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар жайында әңгімеледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері сапарын Жалағаш ауданының Аққыр елді мекенінен бастап, жергілікті тұрғындармен кездесті. ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, топ жетекшісі Әлібек Асқар Елбасы Жолдауындағы атап көрсетілген нақты міндеттерді саралап, қаржы дағдарысы кезеңіндегі жұмыссыздықты болдырмауға байланысты жасалған нақты істерді баяндады. Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов Жолдауда барлық салаға басымдықтар берілгенін айтып, ұлттық қордан бөлінген қаржының игілікті мақсатқа жұмсалатынын мәлімдеді. Түс ауа Жалағаш кентінде аудан активімен кездесу өткізілді. Әлібек Асқар сөйлеген сөзінде дағдарыстан дамуға негізделген бағыт-бағдарымызды және атқарылатын жұмыстарды саралап шықты. Қазіргі уақытта облыс бойынша 9 емхана салынуда және 15 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мұның ішінде Жалағаш ауданының да үлесі басым. Аймақтағы 233 студент мемлекеттік грантты иеленіп, ал 109 шәкірт жеңілдетілген несие алуға қол жеткізді. Жаңа жұмыс орындарын ашу мен жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында да көптеген жұмыстар жалғасын таппақ.Елжан Біртанов "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарының жай-жапсары мен "Жол картасы" бағдарламасы төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарға түсіндірме жасады.Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Байзақ Момынбаев Жолдауда әлеуметтік-экономикалық салаға, соның ішінде білімге де айқын басымдық беріліп отырғандығын айтты.