Ақпараттық насихаттық топтың мүшесі С.Алыбаев Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде болды
АЛМАТЫ. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - ҚР Сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясатты талдау және болжау комитетінің төрағасы Серік Алыбаев Елбасының биылғы халыққа Жолдауын кеңінен түсіндіру мақсатында
бүгін Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің оқытушы және студенттер қауымымен кездесті.
С.Алыбаев сыртқы саясат ісімен айналысуда шет тілдерді меңгеру өте маңызды екендігін айта келе, бұл мамандықтың үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін жеткізді.
"Басқа елдің президенттері секілді біздің Елбасы да жыл басында халыққа өз Жолдауын ұсынып, алдағы даму бағытымызды айқындап көрсетеді. Биылғы Жолдауында Н.Ә. Назарбаев географиялық аймаққа байланысты сөз қозғап, Кедендік одақтың жұмысын нығайту керек екендігін айтты. Бұл өз кезегінде еліміздің сыртқы сауда кеңістігін кеңейтіп отыр", -дейді ол.
Сонымен қатар ол биылғы Жолдауда халықаралық қатынастар бойынша көпжақты келісімдерге барудың маңыздылығы жайында айтылғандығын жеткізді. "Еліміз қазір ЕҚЫҰ, КО, ШЫҰ сияқты бірқатар ұйымдармен келісімдерге баруда. Оның нәтижесінде ел беделі көтеріліп, мемлекетімізге алпауыт елдердің басшылары сапар жасады. Сондай-ақ еліміз ЕҚЫҰ-ға сәтті төрағалық етіп, ендігі уақытта Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етпек", -деді С.Алыбаев.