Ақпараттық технология саласында мамандар дайындайтын оқу орындарының мүмкіндігі өте шектеулі - профессор З.Құралбаев
АЛМАТЫ. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір Қазақстандағы түрлі деңгейдегі 170-тей жоғары оқу орындарының бәрінде дерлік ақпараттық технология мамандары дайындалады. Алайда олардың сапасы әлі сын көтермейтін жағдайда тұр.
Бұл туралы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры Зауытбек Құралбаев бүгін Алматыда өтіп жатқан «Білім беру саласындағы бұлтты технология» деген конференция барысында айтты.
"Қазақстанның барлық оқу орындары ақпараттық технология мамандарын дайындайды. Бірақ барлық жерде сапалы дайындалмайды. Оған бірінші себеп - мұғалім кадрлардың жеткіліксіздігі және олардың білімдерінің терең еместігі. Екіншіден, көпшілік оқу орындарының басшылары бұл мәселеге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі түрткі болып отыр. Бұл уақытымен жаңа техникаларды, әсіресе лицензиялық жаңа технологиялар мен бағдарламалық жабдықтарды алуда айқын аңғарылуда. Сол себепті әр мұғалім, әр кафедра өз беттерімен жұмыс істеп жатыр. Сондықтан одан шыққан мамандардың да сапасы төмен болуда. Қазіргі кезде Қазақстандағы ең үлкен проблема осы болып отыр", - дейді Алматы энергетика және байланыс университетінің компьютерлік технологиялар кафедрасының меңгерушісі Зауытбек Құралбаев.
Қазіргі кезде барлық оқу орындары ақпараттық технология мамандарын дайындаймыз дейді. Физика-математика ғылымдарының докторының сөзіне қарағанда, шындығына келгенде олардың мүмкіншіліктері өте аз. Мәселен, ақпараттық технолгия мамандары - есептеу технологиясы, бағдарламалық жабдықтау, ақпараттық жүйелер және математикалық модельдеу сияқты 3-4 мамандық бойынша дайындалады. Олар осы мамандықтардың біреуінен, не екеуінен ғана дайындайды. Соның өзінде ақпараттық технология мамандарын пайдаланушы коммерциялық ұйымдар мен банктер маман кадрлар жетіспейді дегенді айтуда. Себебі жылда жүздеген-мыңдаған адам диплом алып шыққанмен білімі шектеулі болғандықтан олардың көбі өз саласында жұмыс жасамайды. Өйткені көп нәрселерден хабарсыз. Оларды үйретуге барлық жоғары оқу орындарының жағдайы келе бермейді. Өз мамандарының өзін ақпараттық, компьютерлік, бағдарламалық жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіншіліктері өте шектеулі болып отыр.